Кездесу қатысушылардың пікірінше, жиын республиканың дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи оқиғаға жан-жақты талдау жасауға мүмкіндік берді, деп хабарлайды «Қазинформ» агенттігінің Мәскеудегі меншікті тілшісі.
Іс-шара Қазақстанның Ресейдегі елшілігі алаңында ұйымдастырылды.
Жиынды ашқан Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев дөңгелек үстел қатысушыларына Орталық сайлау комиссиясының алдын ала деректерін ұсынды. Ол халықтың ерік білдіру көрсеткіштері жай ғана статистика емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған бағытқа деген нақты сенімнің өлшемі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы ел үшін шешуші оқиға болды.
Ресейлік заң шығарушылар мен дипломаттар референдумның ашықтығын, заңдылығын және ұйымдастырылуын жоғары бағалады.
Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Андрей Денисов Қазақстанның жаңа конституциялық жүйе жағдайындағы әрі қарайғы дамуы қызығушылық тудыратынын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Ресей арасындағы парламенттік өзара іс-қимылдың тиімді қалыптасқан тетіктерін сақтаудың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Ресей Мемлекеттік думасының шағын және орта кәсіпкерлік жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Альфия Когогина референдум үдерісі ешқандай заңбұзушылықсыз, халықаралық және ұлттық заңнама талаптарына толық сәйкес өткенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, сайлаушылардың белсенділігі азаматтардың қызығушылығын және еркін таңдау жасауға жағдай жасалғанын айқын көрсетті.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің ТМД елдері жөніндегі үшінші департаментінің директоры Александр Стерник Қазақстан басшылығы толық ашықтық танытқанын айтты. Ол сайлаушылардың ұсынылған түзетулер мазмұны туралы барынша хабардар болғанын ерекше атап өтті.
Сарапшылар қауымдастығының өкілдері Қазақстандағы конституциялық реформаны уақыт талабына дер кезінде берілген жауап деп бағалады.
Сарапшы Алексей Власов жаңа Конституцияның қабылдануын орынды әрі қажетті қадам деп атады.
Оның айтуынша, 1995 жылғы құжат Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде мемлекеттіліктің негізін қалыптастырса, жаңа редакция соңғы онжылдықтардағы түбегейлі өзгерістерді бекітеді.
Өңірлік проблемалар институтының ғылыми жетекшісі Дмитрий Журавлев бұл ойды жалғастырып, Конституцияны қабылдау заңды үдеріс ретінде бағалады. Ол сонымен қатар құжаттың уақытында қабылданып отырғанын айтып, бұрынғы жүйе элементтері өзінің тиімсздігінен даму үдерісін тежеуі мүмкін екендігін, себебі олар өзінің өзектілігін жоғалтқанын атап өтті.
Ресей Үкіметі жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының директоры Талия Хабриева құжаттың сапасына жоғары кәсіби баға берді.
Оның пікірінше, авторлар әлемдік конституциялық тәжірибе мен Қазақстанның ұлттық-тарихи ерекшеліктері арасында тепе-теңдік таба алған.
Сондай-ақ дөңгелек үстел қатысушылары қазақстандықтардың белсенді қатысу деңгейіне назар аударды.
Ресей ғылым академиясының Шығыстану институты жанындағы Орталық Азияны заманауи зерттеу зертханасының меңгерушісі Андрей Быков әлеуметтік желілерді мысалға келтірді.
Оның айтуынша, қолданушылар дауыс беруге қатысатынын жай ғана хабарлап қоймай, оны ел болашағын айқындайтын маңызды оқиға ретінде саналы түрде қабылдағанын көрсетті.
Ресей ғылым академиясының Қытай және қазіргі Азия институты жанындағы Орталық Азия зерттеулері орталығының жетекшісі Александра Перминова дауыс берішулер санының көп болуын түсіндіру науқанымен байланыстырды.
«Валдай» клубын дамыту қоры кеңесінің төрағасы Андрей Быстрицкий Қазақстандағы саяси үдерістерді «бірегей жаңа қоғамның» қалыптасуы деп бағалады.
Оның пікірінше, жаңа Конституция элиталар мен қоғамдық құрылымды қайта қалыптастыру үдерісін іске қосады.
Осыған дейін Түркия Республикасының Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Қазақстандағы конституциялық референдумның ашық, әділ және қауіпсіз өткенін айтқан болатын.