Қазақстанның жазғы курорттарында демалу қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM – Демалыс кезінде қонақүйлерді алдын ала қалай брондап, дайын жолдама бойынша қайда баруға болады? Осы орайда көпшілік назарына қажет мәліметтерді ұсынуды жөн көрдік.
Балқаш курорты аймағы
Элиталы нөмірлерде тұру бағасы бір адамға тәулігіне 50 000 теңгеден, екі адамға 65 000 теңгеден басталады. Дегенмен, демалыс базаларында тоқтаған тиімдірек болады. Маусым айының басында бұл жерлерде 6 орынға арналған бөлмені 16 000 теңгеге, ал шілдеде 40 000 теңгеге алу мүмкіндігі бар.
Орташа баға санатындағы екі орынды нөмірлер маусым айында 10 000 теңгеден басталып, шілдеде екі есе қымбатқа түседі.
Сонымен қатар, операторлар өте тиімді дайын турларды ұсынып отыр. Екі күнге тамақсыз 27500 теңгеге немесе тамақпен бірге 35500 теңгеге баруға болады. Үш күнге арналған осындай турлар сәйкесінше 35 000 теңге және 51 000 теңге тұрады.
Бұл ретте демалыс күндерін туроператорлар ұсынғаннан арзанырақ жоспарлау өте қиын. Сондықтан 50 000 теңге - бұл үш күндік демалысты ұйымдастыруға болатын ең төменгі сома.
Алакөл курорты аймағы
Бұл аумақта қонақтарды орналастыру бағасы үш мезгіл тамақпен күніне 10 000 теңгеден басталады. Қонақүйдегі жайлы нөмірлер санатына және мерзіміне байланысты тәулігіне 39 000 теңгеден 94 000 теңгеге дейін болуы мүмкін.
Туристер арасында сұранысы аз кезеңде (маусым айының басы) демалыс базасындағы орындар орташа есеппен 10 000 теңге болды. Бірақ 15 шілдеден 15 тамызға дейін олар күніне шамамен 19 000 теңгеге дейін жетеді. Демалыс базаларының басты артықшылығы – бұл бағаға күніне үш мезгіл тамақтану кіреді.
Егер шағын коттеджді таңдасаңыз (екі адамға), онда ол маусым айында 45 000 теңгеге, ал шілдеде 80 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Қонақ үй нөмірлері екі адамға 39 000 теңгеден, ал төрт орынға 68 000 теңге шамасында бағаланып отыр. Шілде-тамыз айларында бұл баға шамамен екі есе өседі.
Атап айтқанда, жол шығынын да ескеру керек. Мәселен, Алматыдан автобус билеті 21-25 мың теңге тұрады.
Орналасқан жеріңізге қарай және тамаққа қанша ақша жұмсайтыныңызға байланысты мұнда үш күндік демалыс бір адамға шамамен 120-150 мың теңге аралығында болады.
Бурабай курорты аймағы
Шағын бөлмелі үй үшін төменгі баға шегі күніне 12 000 - 20 000 теңге сомасында белгіленуі мүмкін. Қонақүйлерде осы тектес шағын бөлмелер сәл арзанырақ таба аласыз. Шипажайға жолдама құны күніне шамамен 18-20 мың теңгеден басталады.
Егер премиум сегменті туралы айтатын болсақ, онда жаз кезінде бөлмелер 110 000 теңгеге, ал осыған сәйкес сервистегі үйлер 90 000 теңгеге жетеді.
Осы курортта үш күндік демалысқа адам басына кемінде 150-200 мың теңге дайындау керек.
Маңғыстау курорт аймағы
Жергілікті хостелдерде баға 2-4 мың теңгеден басталады, ал туристер ағылатын кезеңде екі есе өседі. Ақтауда тәулігіне пәтерді 8-14 мың теңге аралығында алуға болады. Ал жағалауға жақын үйлер қымбаттырақ.
Демалыс базасындағы бір кісілік нөмірлер қазір 12 000 теңгеге беріліп жатса, шілде айында 20 000 теңгеге дейін жетеді. Екі орынға арналған бөлмелер – 30 000 теңгеден, үлкен үйлер - 50 000 теңгеден.
Қонақүй нөмірінің құны жайлылық деңгейіне қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Бір бөлменің орташа құны 20 000 - 30 000 теңге шамасында.
Айта кетейік, асханада 3000 теңгеге тамақ ішуге болады, ал мейрамханада бір адамға шаққандағы орташа есепшот - 20 000 теңге.
Жалпы, жол сапары - үлкен мәселенің бірі. Мысалы, Астанадан келетін пойыздың билеті 20 000 теңге, ал Алматыдан екі есеге жуық қымбат – 35 000 теңге тұрады. Алдын ала билет алсаңыз, бұл ақшаға ұшақпен жетуге болады. Егер билет мәселесін ертерек қолға алмасаңыз, онда мұндай рейс 150 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Ендеше, баспана мен жолақыға, тамақтануға қатысты орташа бағаны алсақ, бір адамға үш күндік демалыс 150 000 теңгеден басталады.
Алматы тау кластері
Таудағы шағын коттедждер 70 000 теңгеге бағаланады, ал бір топ болып барғандарға 140 000 теңгеден жалға беріледі. Бірақ алдын ала брондасаңыз, 30% арзанырақ таба аласыз. Дегенмен, ақша үнемдеу үшін Алматыдағы қонақүйлерге тоқтауға болады.
Мұнда хостелдегі нөмір күніне 3-7 мың теңге тұрады. Медеу мен Шымбұлаққа шағын автобуспен жетуге болады (таксимен бір жаққа 2-3 мың теңге). Қаладан тікелей Үлкен Алматы көліне экскурсиялар 10-15 мың теңге тұрады.
Жеңіл-желпі тамақтануға бір адамға шамамен 5000 теңге жұмсалады, ал толыққанды түскі тамақ екі есе қымбатқа түседі. Бұл ретте, бір топ адамға бірден тапсырыс берсеңіздер, ақша үнемдеудің жақсы тәсілі.
Жалпы алғанда, қымбатқа түсетін жол шығыны мен тамақтануды, сондай-ақ баспана құнын ескере отырып, Алматы тауларында 200 000 теңгеге емін-еркін демалуға болады. Бұл тұрғыда жергілікті тұрғындар үшін таудағы демалыс екі есе арзанға түседі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Туризм және спорт министрлігі туристердің таулы аймақтардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ бөлімшелеріне өз маршруттары туралы міндетті түрде хабарлау нормасы туралы айтқан еді.
Еске салсақ, шілдеден бастап «Астана-Бурабай» бағытында жаңа электр пойызы қатынайды.