Қазақстанның жеті өңірінде мәдени инфрақұрылым қарқынды дамып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы, Шымкент қалалары мен Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында мәдениет саласында атқарылған жұмыстардың қорытындысы қаралды.

Фото: Қарасай ауданы әкімдігі

Жиында өңірлердегі мәдени инфрақұрылымды дамыту, цифрлық жобаларды іске асыру, халықаралық фестивальдерді ұйымдастыру және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Шығыс Қазақстан облысында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне 10 ел мен өңірдің өкілдері қатысып, оны 50 мыңнан астам көрермен тамашалады. Өңір музейлеріне 328,4 мың адам барып, 5,5 мыңнан астам экскурсия өткізілді. Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан өнер музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп, «Берел» музей-қорығының визит-орталығының жобасы әзірленіп жатыр.

Алматыда мәдени іс-шаралар қаланың барлық ауданында ұйымдастырылып келеді. IV Almaty Circus Festival фестиваліне 18 елдің өнерпаздары қатысып, 10 мың көрермен жиналды. Қаланың жеті кітапхана филиалы тәулік бойы жұмыс істейді, ал «Алматы кітапханалары» мобильді қосымшасын 27 мыңнан астам адам пайдаланады. Қала күніне арналған шығармашылық байқаулардың бірыңғай топтамасы әзірленді.

Абай облысында Жоғарғы Егінсу және Көкжыра ауылдарында 100 орындық екі ауылдық клуб ашылды. Сонымен қатар Бесқарағай ауданында тағы үш мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр. Jana Klub жобасы аясында 109 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін 15 ауыл кітапханасы жаңғыртылуда.

Қарағанды облысында «Оқитын ұлт» жобасы 67,8 мың адамды қамтып, пилоттық өңірлер арасындағы үздік нәтижені көрсетті. Алғаш рет ұйымдастырылған «BaiQymyz Қарқаралы – 2026» этно-гастрофестиваліне 20 мыңнан астам адам қатысты. Көкпекті ауылында жаңа клуб ашылып, қалалық архив ғимараты қайта жаңғыртылды. Нұра ауданында Өнер үйінің құрылысы жалғасып жатыр.

Қызылорда облысында жаңа драма театрының құрылысын бастауға дайындық жүргізілуде. Алғашқы Nartai Theatre Fest фестиваліне 4 мыңға жуық көрермен жиналды. Сондай-ақ өңірде 600 мың сақтау бірлігіне арналған тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана жобасы жүзеге асырылып жатыр. Smart Archive цифрлық платформасы Архившілердің халықаралық конгресінде таныстырылды.

Түркістан облысында биыл 11 мәдениет үйін пайдалануға беру жоспарланған. Оның екеуі ашылып, тағы үшеуі пайдалануға дайын. Өңірде 17 мыңнан астам бала шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады. Үш кәсіби театр жыл басынан бері 186 спектакль қойып, облыс аудандары мен еліміздің өзге өңірлерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетті. Сонымен қатар «ULYLARDYN OTANY» халықаралық симпозиумына жеті елден келген 26 суретші қатысты.

Шымкентте жеті қалалық театр 16 жаңа спектакль ұсынып, оларды 124 мыңнан астам көрермен тамашалады. Қалалық опера және балет театрының солистері Сиань мен Нагасакиде өткен халықаралық байқауларда жүлдеге ие болды. Жастар театры Алжирдегі халықаралық фестивальде «Антигона» спектаклін сахналады. Қалада жаңа опера және балет театрының жобасы әзірленіп, Мәдениет және өнер университетін ашу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі пайдалануға беріліп, тағы 11 мәдениет нысанын жөндеу жобасы дайындалуда.

Отырыс барысында театрлардың электрондық есеп беру жүйесін енгізу, репертуардағы қазақстандық авторлардың шығармаларын көбейту, ғылыми реставрация мамандарын даярлау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және мәдени туризмді дамыту мәселелері қаралды. Өңірлерге мәдени нысандарды кеңінен насихаттап, туристерге арналған бағыт-бағдар жүйесін жетілдіру тапсырылды.

Жылдың екінші жартысында «Шығыс салбұрыны – 2026» халықаралық бүркітшілер турнирі, «Аяз Ата, Ақшақар – 2026» фестивалі, Almaty Puppet Festival, «Көк-Төбе Опера» фестивалі, Voice of Turan халықаралық байқауы және театр, музыка мен көрме бағытындағы бірқатар жоба өткізу жоспарланып отыр.

Жиын қорытындысы бойынша өңірлерге Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмаларын уақытылы орындау, жоспарланған жобаларды толық аяқтау және көтерілген мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Айта кетейік, елімізде тамыз айында бес ірі фестиваль өтеді.