Алдымен ол бір айдан соң Қазақстан Тәуелсіздігінің жарияланғанына 35 жыл толатынын атап өтіп, айтулы мерекемен құттықтауын жолдады.
— Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай — «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!». Алғаш рет, біздің Конституциямызда қастерлі «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымының бас әріппен жазылуы — елдіктің белгісі деп санаймыз. Осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылы тәуелсіздік жарияланған кезде бір халық, біртұтас ел болып бірге қуанған едік. Сол жылдардағы халықтық асқақ көңіл-күй, болашаққа деген үміт пен сенім аспандап тұрғаны дәл бүгінгідей есімізде. Үмітіміз ақталып, тәуелсіздік жылдары Қазақстан тұтас дәуірге татитын күрделі де жауапты кезеңді бастан өткерді, — деді депутат.
Дихан Қамзабекұлының пайымынша, 1991 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың желтоқсаны аралығында еліміз зор жетістіктерге жетті деп нық айта аламыз. Әсіресе, соңғы жеті жылда бұрын-соңды болмаған түбірлі өзгерістер орын алды. Әділеттілік, заң мен тәртіп барлық салада мызғымас қағидаға айналды.
— Оның экономикадағы, іс жүзінде көрінісі — шетелге кеткен заңсыз капитал елге қайтарылып, халықтың игілігіне жұмсалып жатыр. 1 триллион теңгеден аса қаржы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес одан сайын күшейді, ешбір биік лауазым заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтыны баршаға аян болды. Әлеуметтік саладағы әділдік — үш жылдан бері «Ұлттық қордағы» қаржыдан түскен инвестициялық табыс әрбір балаға теңдей бөлініп отыр. Дәл қазір 7 миллионнан аса баланың есепшотына 2,5 млрд АҚШ долларына пара-пар қомақты қаржы аударылған. Әділетті мемлекетте отандық ғылым мен мәдениетті дамыту да — айрықша назарда. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгеге жетті, — деді ол.
Сонымен қатар, жеті жыл ішінде 1300-ден аса жаңа мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме, 536 спорт және мәдениет нысандары салынды. Ел экономикасы қауіпсіздігіне нақты кепіл Алтын валюта мен Ұлттық қордың активтері 44%-ға өсіп, 130 миллиард долларға жуықтады. Депутаттың сөзінше, бұл — осыған дейін болмаған көрсеткіш. Сондай-ақ соңғы 7 жылда 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылды, ауылшаруашылығы өндірісінің өсімі 24%-ға артты.
— Ал ең бастысы, жалпы ішкі өнімнің көлемі 7 жылдың ішінде шамамен 2,5 есе өсіп, 398 млрд доллар болды. Бұл — Орталық Азиядағы ең жоғары деңгей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы цифрландыруды дамытуға айрықша көңіл бөлетінін білесіздер. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электронды форматта көрсетіледі. Мұның бәрі — қазіргі даму жолымыздағы ауыз толтырып айтарлық жетістіктер. Кейбір азаматтар бүгінгі қайбір қиындыққа екпін түсіріп, шүкіршілік ететін көп табысты ұмытып жатады. Биыл жүзеге асқан конституциялық реформа мен тұтас саяси жүйенің жаңаруы Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келуі — мәні терең рәмізді оқиға. Барымызды бағалап, жетістіктерімізді арттыру үшін ендігі жерде қоғамдық сананың жаңарғаны маңызды, — деді Дихан Қамзабекұлы.
Айта кетейік, бұған дейін ел экономикасы 10 айда 4,5% өскенін жазғанбыз.