Қазақстанның ЖІӨ көлемі 2026 жылғы алғашқы үш айда 34,1 трлн теңге болды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанда өндірілген жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі есепті деректер бойынша 34 трлн 102 млрд 358,1 млн теңге болды. Нақты мәнде бұл көрсеткіш былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 3% өсті.

Коллаж: Kazinform/ Canva/ Freepik

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемінің ең жоғары өсім қарқыны Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді — 12,9%. Сондай-ақ Жамбыл облысында 11,7% және Ұлытау облысында 11,4% өсім байқалды.

Сонымен қатар өңірлердің ЖІӨ құрылымында ең үлкен үлес Алматы қаласына тиесілі. Қала экономикасы жалпы республикалық көрсеткіштің 22,1%-ын қамтамасыз етті. Ал екінші орында Астана қаласы — 12,5%, Атырау облысы — 9,3% үлеспен үшінші орынға орналасты.

Биыл қаңтар-наурыз қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі — 1 млн 661,6 мың теңге.

Атап айтқанда, бұл көрсеткіш бойынша көш басында Атырау облысы тұр — 4 млн 424,7 мың теңге. Одан кейін Алматы қаласы (3 млн 204,8 мың теңге), Ұлытау облысы (3 млн 90,2 мың теңге) және Астана қаласы (2 млн 573,3 мың теңге) орналасты.

Ал жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі ең төмен өңірлер қатарында Түркістан облысы — 526,1 мың теңге, Жамбыл облысы — 628,8 мың теңге және Жетісу облысы — 710,3 мың теңге болды.

ЖІӨ өсіміне ең жоғары үлесті Алматы қаласы қосты — 1,05 пайыздық тармақ (п.т.). Астана қаласының үлесі 1,02 п. т. бар, ал Түркістан облысының 0,33 п. т. үлесі құрады.

Алайда ЖІӨ өсіміне кері әсер еткен өңірлер қатарында Атырау облысының үлесі -1,33 п. т., Батыс Қазақстан облысының үлесі -0,34 п. т., Ақмола облысының үлесі -0,15 п. т. және Шығыс Қазақстан облысының үлесі -0,13 п. т. деңгейінде қалыптасты.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстан экономикасының өсіміне ірі қалалар мен бірқатар өңірлердің жоғары экономикалық белсенділігі негізгі үлес қосты.

Айта кетейік, ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру шаралары күшейтіледі.