Қазақстанның Консулдық жарғысына қандай өзгертулер енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.
Аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысында кіріспе мынадай редакцияда жазылады: «Осы Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысы Қазақстан Республикасының консулдық қызметінің құқықтық негіздерін, Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасының, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтары мен міндеттерін айқындайды».
Қазақстан Республикасының консулдық қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының заңына, осы Жарғыға, болу мемлекетінің заңнамасын ескере отырып, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктер жоқ мемлекеттерде, болу мемлекетінің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі консулдық мекеменің басшысына дипломатиялық функцияларды жүктеуі мүмкін.
Консулдық мекемелердің ғимараттарында міндетті түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріледі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.
Консулдық мекеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және консулдық мекеменің атауы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде және болу мемлекетінің ресми тілінде жазылған мөрі болады.
Консулдық мекемелер өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен өзара іс-қимылды министрлікке хабарлай отырып жүзеге асырады.
Консулдық мекемелер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:
1) дипломатиялық поштаны жиынтықтауды, ресімдеуді, қабылдауды және сақтауды жүзеге асырады, министрліктен келіп түсетін дипломатиялық поштаның басқа Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерге жеткізілуін ұйымдастырады;
2) министрлікке жеткізу үшін дипломатиялық поштаны жиынтықтауды, сақтауды, ресімдеуді жүзеге асырады;
3) дипломатиялық поштаның министрлікке жеткізілуін ұйымдастырады;
4) өз құзыреті шегінде дипломатиялық поштаны жеткізу кезінде оның қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;
5) дипломатиялық поштаны жеткізуге құжаттарды ресімдеуді және дипломатиялық курьерлер мен «ад хок» дипломатиялық курьерлеріне беруді қамтамасыз етеді.
Консулдық лауазымды адамның әрекетіне (әрекетсіздігіне) қатысты шағымдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес беріледі және қаралады.
Егер Қазақстан Республикасының азаматы болу мемлекетінде форс-мажор жағдайлары салдарынан қиын жағдайға ұшыраған және өмір сүруге қаражаты болмаған, сондай-ақ қылмыстық құрылымдар әрекетінің және адам саудасының құрбаны болған және осы туралы дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге хабарлаған жағдайларда консул:
1) осы азаматты шақырған адамның немесе ұйымның оның осы мемлекетте болуына байланысты шығыстарын өтеу міндеттемелерінің бар-жоғын белгілейді және олардың орындалуына жәрдемдеседі;
2) осы азаматтың өзінің отбасы мүшелерімен, туыстарымен немесе өзге адамдармен байланыс орнатуына жәрдем көрсетеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық көмек көрсетеді;
4) өтініштің мазмұны бойынша болу мемлекетінің мемлекеттік органдары мен ұйымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасы азаматының қиын жағдайға тап болу мән-жайларын тексереді және Қазақстан Республикасының азаматы ұсынған материалдардың, объектілердің, құжаттар мен мәліметтердің шынайлығын тексеру бойынша шаралар қабылдайды;
Айта кетелік СІМ шетел елшіліктері мен консулдықтарын тіркеудің жаңа тәртібін жариялаған еді.