Қазақстанның 10 жоғары оқу орнының бас лицензияларының күші 6 айға тоқтатылды - Білім және ғылым министрлігі

АСТАНА. 29 қараша. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Қазақстанның 10 жоғары оқу орнының бас лицензияларының күші 6 айға тоқтатылды,

деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің ресми сайты.

«Ағымдағы оқу жылының басынан бері еліміздің 16 жоғары оқу орнында мемлекеттік бақылау жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша бірқатар әкімшілік шаралар қабылданды. Атап айтқанда, 10 оқу орнының бас лицензияларының күші 6 айға тоқтатылды», делінген ресми ақпаратта. Олар: Халықаралық бизнес-академиясы, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты, Казақ-Қытай университеті, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы, Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы, Академиялық инновациялық университеті, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, «Болашақ» Маңғыстау институты, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті, Көкшетау экономика және менеджмент институты.

Сондай-ақ, келесі жоғары оқу орындарының жекелеген мамандықтар бойынша лицензиясының қолданысы тоқтатылды. Комиссияның шешімі бойынша С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті - 8 мамандық, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті - 15 мамандық, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті 18 мамандық бойынша аттестаттациядан өткізілген жоқ.

Жоғарыда аталған жоғары оқу орындарына жалпы сомасы 2 939 040 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Білім алушылар контингенті, оның ішінде оқуға қабылдау, тәжірибе, материалдық-техникалық база, оқу және ғылыми зертханалық базалар бойынша ҚР МЖМБС талаптарының, мамандықтар стандарттарының, біліктілік талаптарының орындалмауы сияқты бұзушылықтар әкімшілік шаралар қолдануға негіз болды.