Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын таңдау бойынша шаралар жоспары жасақталуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын таңдау бойынша шаралар жоспары 26 мамырға дейін қабылданатын болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы бүгін «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласында айтылған «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» атты жобаны жүзеге асыру бойынша құрылған жұмыс тобының отырысында Қазақстан xалқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дарxан Мыңбай мәлім етті.
 

«Елімізге елеулі тұлғаларды іздестіру бойынша біздің бағытымыз қандай болады және оның барысында ақпараттың қандай көздері қолданылады деген мәселелерді сіздермен бірге талқылағымыз келеді. Бұл өте маңызды, себебі БАҚ-та бұл тек әкімшілік тәсілмен шешіледі деген күдік бар. Біз осыған лайық азаматтарды іздеуде қоғамдық ақпарат көздерін де тартуымыз керек. Сол үшін сайттардың бірінен «Қазақстанның бет-бейнесі болғым келеді» деген айдар ашайық. Азаматтар мен ҮЕҰ-дар өз ұсыныстарын жолдай алады. Осылайша, қоғамдық сараптама үлгісін енгізер едік. Бұл біздің жұмыс тобымыз үшін ақпараттың тәуелсіз арнасы болады. Жұмыс тобының xатшылығына осындай тапсырманы атқарушыларға беруді және ұсынысты енгізуге аралық мерзімдерді тағайындауды сұраймын», - деді ол.

Оның сөзінше, Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын таңдау және таныту бойынша шаралар жоспарын 26 мамырға дейін тиянақтау қажет. Кандидаттарды іріктеу барысында барлық аймақтар, азаматтардың барлық санаттары қамтылуы тиіс. Басты талап - елдің дамуына елеулі үлесін тигізу. 

«Сонымен қатар жүргізілгелі отырған шаралардың қаржылық тұсын айқындап алған жөн. Мысалы, «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы - Ұлттық алтын қоры» атты антологияны жасауға. Ол өз кезегінде оқиғаларды әдеби өңдеуден өткізуді, сюжеттік желісін құру, басып шығару жұмыстарын шешуді және оны таратуды талап етеді», - деді Д. Мыңбай.