Қазақстанның 104 мектебінде 12 жылдық оқу жүйесіне ауысу бойынша тәжірибелік жұмыс жүргізілуде

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда білім саласындағы стратегиялық маңызды мәселелердің бірі 12 жылдық оқу моделіне ауысу болып табылады.

Жаңа жүйе республикамызға әлемдік білім кеңістігіне ықпалдасуға мүмкіндік береді, деп хабарлады pm.kz сайты.

 «2020 жылға қарай біз 12 жылдық оқу моделіне толық ауысамыз. Ол үшін 2015 жылға қарай біз республикалық бюджеттің есебінен - 200 мектеп, жергілікті бюджеттің есебінен де - сонша мектеп саламыз», - деп мәлім етті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Бүгінгі таңда елімізде 12 жылдық оқу жүйесіне ауысу жөніндегі іс-шаралардың жоспары дайын, онда оқу процесін нормативтік-құқықтық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету құжаттарын әзірлеудің мерзімдері анықталып отыр.

Орта білім жүйесіндегі жұмыстар электрондық оқыту жүйесін 90 пайызға пайдалану, 12 жылдық модельге ауысу, Қазақстанның өңірлерінде Зияткерлік мектептерін көбейту бағытында жүргізілуде», - деді Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Нұр Отан» ХДП парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, 12 жылдық оқу жүйесіне ауысу үшін қазір елімізде әзірлік жұмыстары қолға алынған. Республиканың 104 мектебінде, оның ішінде 45 ауылдық, 59 қалалық мектепте 12 жылдық білім жүйесіне ауысу жөніндегі тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде.

2011 жылы бастауыш және 12 жылдық білім берудің мемлекеттік стандарттарының негізгі ережелері бекітілді, оқу пәндерінің құрамы анықталды, тәжірибелер жүргізіліп білім мазмұны тексеріліп жатқан 1-8 сыныптар үшін 12 жылдық мектептердің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендері әзірленді.

Сонымен қатар, мұғалімдерді қайта дайындау және олардың біліктіліктерін жетілдіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2007-2011 жылдардың аралығында тәжірибе өткізіліп жатқан 8 мектептің 468 мұғалімі (71 пайызы) педагогикалық кадрлардың біліктілігін жетілдіру институттарында курстардан өтті.

Жоспарға сәйкес, 12 жылдық білім жүйесіне ауысу 2015-2016 оқу жылдарына жоспарланған. 2015 жылы - 1, 5, 11 сыныптарда 12 жылдық оқу моделінің стандарттарын енгізу басталады. 2015-2016 оқу жылында 1 сыныпқа баратын оқушылардың саны 6-7 жастағы 624 мыңнан астам баланы құрайды деп болжануда. 2015 жылы 1 қыркүйекте мектептердегі оқушылардың саны, 2014 жылмен салыстырғанда, 2 есеге артады.

Баршаға аян, жалпы білім беруді ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесі 12-13 жылдық оқу жүйесін қарастырады. Еуропа Кеңесінің Университеттік проблемалар жөніндегі тұрақты конференциясы 1992 жылы «12 жылдық білім жүйесі басым халықаралық тәжірибе екендігі» атап көрсетілген Декларация қабылдады. Декларацияға сәйкес, әлемдік білім беру кеңістігінде 12 жылдық орта білім жүйесе 136 елде жүзеге асырылуда, олардың қатарында Австралия, Канада, АҚШ, Франция, Жапония және т.б. әлемнің бәсекеге қабілетті 50 мемлекетінің қатарына кіретін елдер бар.

Қазақстанда 12 жылдық білім жүйесіне ауысу замана талаптарына жауап беретін жаңа мақсаттарды саралауға және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастыруға мүмкіндік береді.