Қазақстанның 17 қаласында «Біліктілік» емтиханы өтеді

АСТАНА. 24 маусым. ҚазАқпарат - Біліктілікті жетілдіру курстарының бағдарламасы бойынша Қазақстанның 17  қаласында 3 мыңнан астам  мұғалім  біліктілік емтиханын тапсырады,

деп хабарлады рm.kz сайты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ал Астанада 364  мұғалім «Назарбаев Зияткерлік  мектептері» АҚ-ның жанындағы Педагогикалық шеберлік  орталығында бірінші біліктілік емтиханын  тапсыруда.

«Емтиханнан өткен   мұғалімдер бағдарламаның  үшінші базалық деңгейінің сертификатына ие болады және  жалақыларына 30% үстемақы  алады», - деп атап көрсетіледі  хабарламада.

 Біліктілік емтиханы  мұғалімдерді бағалаудың  қорытынды процедурасы болып табылады  және ол Кембридж  Университетімен бірлесіп дайындалған тест сұрақтарынан тұрады.

Айта кету керек,  2012  жылы «Назарбаев Зияткерлік  мектептері» АҚ-ның  базасында 1 мың педагогты, басқа орталықтарда 6 мыңға жуық   мұғалімді даярлау жоспарлануда. Кембридж Университеті мен Педагогикалық  шеберлік орталығының  бірлескен бағдарламасы бойынша  алдағы бес  жылдың  ішінде 120 мыңнан астам  қазақстандық біліктіліктерін  жетілдіреді.