Қазақстанның 19 қаласында SPT олимпиадасы басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сүлеймен Демирел атындағы Университеттің (СДУ) ұйымдастыруымен Астанада 12 мың мектеп оқушысы мен колледж студенттері SPT олимпиадасы өзара мықтыны анықтауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

SDU Proficiency Test (SPT) -  мектеп және колледж түлектеріне арналған СДУ-дың ішкі олимпиадасы. Олимпиаданың негізгі мақсаты - талапкерлерге болашақ мамандығын таңдауға көмектесіп, түрлі деңгейдегі грант пен жеңілдік беру. Олимпиадада әрбір оқушы өзі таңдаған бағыты бойынша  білімін көрсете отырып, СДУ-дың  ішкі грантына немесе жеңілдігіне ие бола алады.
 

«Биыл олимпиадада 12 мың қатысушы өзара бағын сынап жатыр. Біздің университет инженерия, ІТ-мамандықтар мен бағдарламалау саласында әйгіленгендіктен абитуриенттердің көпшілігі біздің оқу ордасына түскісі келеді. Қазақстанның барлық мектептері мен колледждерінен оқушылар мен студенттер қатысуда. Негізгі үш мамандыққа - ІТ, бизнес-мектеп пен филологияда бәсеке мықты. Қатысушылар физика, география, химия, биология, әдебиет, ағылшын тілі мен тарих пәндерінен емтихан тапсырады. Егер біздің грантты ұтып алса, талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуде бар болғаны 50 балл алса болғаны», - дейді СДУ-дың халықаралық қатынастар жөніндегі кеңсесінің бас сарапшысы Айдын Байқұрманов.
 

Олимпиада бүгін сағат 11:00 уақытында еліміздің 19 қаласында: Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Жезқазған, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Семей, Өскемен, Қарағандыда басталды. Үздік нәтиже көрсеткен 300 талапкер 4 жылға жарамды 100% грант пен арнайы жеңілдіктерге ие болады.

Іс шара барысында ашық есік күні, кәсіптік бағдар беру жұмыстары, білім беру көрмесі және ауқымды мәдени бағдарлама өткізілмек.