Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне қатысты мәселелер сөз болды

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбақ Рүстемов Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымындағы АҚШ миссиясының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Кейси Кристенсенмен кездесті.

Бұл жүздесу мейманның өтінішіне байланысты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Тараптар кездесуде 2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне қатысты мемлекеттің әзірлігі жайында әңгімелесті. Сондай-ақ әлем қауіпсіздігін нығайту жолындағы әріптестік байланысты арттыра түсу жөнінде пікір алмасылды.АҚШ миссиясының саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Қазақстанды Орталық Азиядағы саяси тұрақты ел деп қабылдайтындықтарын айтты. Сонымен қатар мейман Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елдің абыройын арттыратынына сенім білдірді.