14:11, 22 Мамыр 2009
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі мемлекеттік орман саясаты туралы тұжырымдамасы әзірленуде
АЛМАТЫ. Мамырдың 22-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Қазақстанның 2020 жылға дейінгі мемлекеттік орман саясаты туралы тұжырымдамасы жасалуда.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстанның биоалуандығын сақтауды құқықтық қамтамасыз ету мәселелеріне арналған дөңгелек үстел мәжілісі барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Құжатты таныстырған «Орманды сақтау және республиканың орман аумағын ұлғайту» жобасының стратегиялық жобалау бөлімінің бастығы Әбілмәжін Сәбитовтың айтуынша, тұжырымдаманы жасау жөніндегі шешім 2008 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген отырысында қабылданған. «Қазіргі кезде құжаттың негізгі бағыттары дайын. Онда орманды жерлердің аумағын ұлғайту, орманды коммерциялық мақсатқа пайдалану, мамандар дайындау, халықаралық қауымдастықпен байланыстар орнату, жаңа технологияларды енгізу сынды 8 бөлім негізгі бағыт ретінде алынды», - дейді Ә.Сәбитов.Оның айтуынша, тұжырымдама қазір толықтырылу үстінде. «Бұл бағытта 5 ғалым кеңесші ретінде таңдалып алынды. Сондай-ақ орман саласында жұмыс істейтін барлық үкіметтік, қоғамдық ұйымдардың ұсыныстары сараланады», - дейді ол. Бүгінгі отырыс барысында қоғамдық ұйымдардың өкілдері де бірнеше ұсыныс қосты. Олар айтқан халықаралық әріптестік, шекара, кеден қызметімен әріптестік орнату, орманның ауа райына ықпалын реттеу, орманның азаюын тоқтату мәселелері тұжырымдамаға енгізілу үшін талқыланады.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аң шаруашылығы комитетінің Орман және ерекше қорғалатын табиғи аймақтар басқармасының бастығы Қайрат Өстеміровтың айтуынша, аталмыш құжаттың толықтырылған жобасы маусым айында Астанада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, орман саласы мамандарының қатысуымен өтетін отырыс барысында тағы да талқыға түсетін болады.