Қазақстанның 36 кәсіпорнында lean-технологиялар енгізілуде

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда 36 отандық кәсіпорын үнемділік өндірісін немесе lean-технологиясын игеруде,

деп мәлім етті Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің басқарушы директоры Гүлнар Есенғазина pm.kz сайтына берген сұхбатында.

«Мемлекеттік қолдаудың бұл құралы индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы Заңға сәйкес, басымдықты бағыттардың аясында ағымдағы жылы инновациялық гранттардың жаңа 9 түрінің бірі ретінде ұсынылатын болады», - деді ол.

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 9 тамыздағы №1035 қаулысымен бекітілген «Шет елде инженерлік-техникалық персоналдың біліктілігін арттыруға, жоғары білікті шетелдік мамандарды тартуға, консалтингтік, жобалық және инжинирингтік ұйымдарды тартуға, басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізуге инновациялық гранттар беру қағидаларының 66 және 67-ші тармақтарына сәйкес, басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізуге берілетін грант Lean, Кайдзен технологияларын да қамтиды.

«Қазіргі таңда Lean, Кайдзен сияқты мемлекеттік қолдау құралдарын пайдаланып отырған кәсіпорындардың саны 36-ға жетті»,- дейді Г.Есенғазина.

Оның ішінде, 2009 жылы lean-технологиялар - 15 кәсіпорында енгізілсе, 2010 жылы - 13, 2011 жылы - 8 өндірісте енгізілді.

Бұл технологиялар кәсіпорындарға қомақты экономикалық  пайда көруге мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, «Қайнар АКБ» ЖШС Кайдзен жүйесінің арқасында 208 млн. теңгеден астам таза табыс тапса, басқарушылық технологияларды енгізудің арқасында «Мұнаймаш» АҚ 47 млн. теңге экономикалық пайдаға қол жеткізіп отыр.

Сондай-ақ, заманауи басқарушылық және өндірістік технологияларды енгізу жөніндегі бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың қорытындысы бойынша 2010 жылдан бері 2 қазақстандық lean-форум өткізіліп, онда Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік пен халықаралық компаниялардың арасында меморандумдарға қол қойылдын.

«Меморандумдарды іске асырудың аясында Қазақстан кәсіпорындарының 800-ге жуық маманы lean-технологиялар бойынша тағлымдамадан өтті. Бұл көрсеткіш отандық кәсіпорындардың аталмыш тетікке деген мүдделілігін білдіреді», - дейді агенттіктің басқарушы директоры.