Қазақстанның 4 облысында ескерту жарияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РМК Қазақстанның төрт облысында ауа райына байланысты ескерту жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысында 8 тамыз күні күндіз кей жерлерде найзағай ойнауы мүмкін. Оңтүстік-шығыстан соққан жел бірте-бірте оңтүстік-батысқа қарай ығысады. Найзағай кезінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетіп, дауыл тұруы ықтимал.

Атырау облысында 8 тамыз күні күндіз кей жерлерде найзағай жарқылдап, шаңды дауыл соғады. Батыс, оңтүстік-батыс желдің екпіні секундына 15-20 метр айналасында болады. Атырауда найзағай ойнап, шыңды дауыл күтіледі. Дауыл тұру ықтималдығы - 80-85 %.

Батыс Қазақстан облысында 8-9 тамызда кей жерлерде батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді деп күтілуде. Оралда 8-9 тамыз күндері батыстан соққан желдің екпіні секундына 18  метрге дейін күшейеді деп болжануда.  Күндіз кей жерлерде ауа температурасы 37 градусқа дейін көтеріледі. Дауыл тұру  ықтималдығы - 90-95 %.

Сондай-ақ, Қостанай облысында 8 тамыз таңертең және күндіз кей жерлерде найзағай ойнап, батыстан жылдамдығы секундына 15-20 метрге жететін жел соғады. Күндіз  ауа температурасы кей жерлерде 37 градусқа дейін ысиды. Дауыл тұру ықтималдығы  - 90-95 %.