Қазақстанның 43 ғалымы климаттың өзгеруі зерттеулерімен айналысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары  «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстан Республикасында ЮНЕСКО аясында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын (2-санат) құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, бұл келісім 2012 жылғы 29 мамырда Астанада жасалған.

Құжаттың мақсаты Қазақстанда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру болып табылады. Орталықты құру гляциологиялық ғылымды дамытуға және өңірлік және жаһандық денгейде климаттың өзгеруінің мұздықтарға, қар жамылғысына және су ресурстарына әсерлерінің ғылыми түсінігін жақсартуға, гляциология, тау криосфералары, гидрология және климатология проблемалары жөніндегі зерттеулерді дамытуға, су және азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларын шешуге ықпал ететін болады.

Орталық тиісті ұйымдар арасындағы ғылыми-зерттеу қызметін және ақпарат алмасуды және үйлестіруді келісімге сәйкес нығайтуға, климаттың өзгеруі саласындағы ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруға, өңірлік ғылыми-зерттеу бағдарламаларын әзірлеуді көтермелеуге, жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижелерін теориялық және практикалық семинарлар, оқу курстары, конференциялар және мерзімді басылымдар арқылы таратуға жәрдемдеседі.

«Қазақстан ғалымдары 60 жылдан бері бұл салада зерттеулер жүргізіп отыр. Орталық Алматы қаласындағы география институтының базасына  орналасады. Бұл орталықты құру арқылы су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі бойынша зерттеулер деңгейін көтеруге жағдай жасалады. Орталықта жұмыс жасауға география институтынан 43 адам таңдалды. Олардың 50 пайызы жас мамандар»,-деді жалпы отырыста ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.