Қазақстанның 8 қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге арналған ілкі жобалар жүзеге асады
Бүгін Сенаттың «Өңір» депутаттық тобымен кездесуі барысында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин мәлім етті.
«Әлемдік тәжірибе қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен оны қайта өңдеу мәселесінің табысты қызмет болатынын көрсетіп отыр. Осыған орай бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік негізінде қадам жасау жоспарда бар», - дейді С.Нокин.
Оның айтуы бойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, агенттік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту бағдарламасына бірқатар кешенді өзгерістер енгізуді қарастыруда. Бұның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу секторын стратегиялық дамыту бойынша заңнамалық және қаржылық қамту шаралары қаралады. Бұл ретте 2020 жылға қарай тұрмыстық қатты қалдықтардың 70 пайызын өңдеу көзделеді.
Сонымен бірге, С.Нокиннің сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Маңғыстау облысының әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып, Ақтау қаласында қалдықтарды басқару жөніндегі ілкі жобаны қолға ала бастады.