Қазақстанның Аэроұтқыр әскерлері 15 жылдығын атап өтті (ФОТО)

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Аэроұтқыр әскерлері 15 жылдығын атап өтті. Осыған орай арнайы ұйымдастырылған мерекелік шарада қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесі, әскери оркестрлердің дефилесі, қоян-қолтық ұрыс элементтері бар көрсетілімдер, парашюттен секіру, әзірленген концерттік бағдарлама көрсетілді.Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

53975 әскери бөлімінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігі мен ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің өкілдері, еліміздің Қарулы Күштер ардагерлері келді..

«Қазіргі Аэроұтқыр әскерлерінің бесігі 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы болып табылады. Бүгінде өзінің жауынгерлік әзірлігін әрқашан сенімді түрде дәлелдейтін бұл әскер түрін мақтан ете аламыз. Барлық әскери қызметшілерге, сондай-ақ Аэроұтқыр әскерлерінің дамуына зор үлес қосқан ардагерлерге алғысымыды білдіргім келеді», - деді салтанатты рәсімде ҚР ҚК АэҰӘ қолбасшысы генерал-майор Дәулет Оспанов.

Қазақстанның Аэроұтқыр әскерлері армиямыздың жауынгерлік қабілетті және ұтқыр әскер тектерінің бірі. Олар дағдарыстық ахуалдарда жауынгерлік қолдану үшін арналған және қысқа мерзімде ауқымы бойынша әртүрлі әскери шиеленістерде жауынгерлік тапсырмаларды шешуге қабілетті. Олардың құрылу тарихы «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымы туралы» 2000 жылғы 6 шілдеде Президенттің Жарлығынан басталды. Онда 35-гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының базасында ҚР ҚК Ұтқыр күштері құрылған болатын. Өздерінің қазіргі атауын Аэроұтқыр әскерлері 2013 жылдың қыркүйегінде алды (Қорғаныс министрінің директивасы негізінде Ұтқыр күштері Аэроұтқыр күштері болып аты өзгертілді). Бүгінгі күні Аэроұтқыр әскерлері Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің құрамына кіреді.