Қазақстанның аграрлық секторы үшін органикалық өнім саласының келешегі зор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның аграрлық секторы үшін органикалық өнім саласының келешегі зор. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру - заңнамалық реттеу және іс жүзіне асыру» атты парламенттік тыңдау барысында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.

«Отандық аграрлық сектор үшін келешегі бар бағыттардың қатарында органикалық өндіріс саласын атауға болады. Бұл бағытты дамыту ауыл шалуашылығының түсімін жоғары деңгейге көтере алады. Қазір бүкіл әлемде экологиялық таза өнімге сұраныс жыл сайын орта есеппен 20-30 пайызға артып отыр», - деді Сенат спикері.
Сонымен қатар, Қ. Тоқаев Қазақстанның аграрлық саладағы географиялық артықшылықтарын пайдалану аса маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстан тағам өнімдеріне сұраныс үнемі артып отыратын Қытай, Ресей, Орта және Таяу Шығыс пен Еуропа сияқты негізгі нарықтардың ортасында орналасқан. Сонымен бірге, бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақ нарығы - келешегі зор нарықтардың бірі.
Ресей жекелеген елдерден азық-түлік әкелуге тыйым салғаннан кейін, Қазақстанның аграрлық секторы үшін ресейлік нарықта өз позициясын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер пайда болды. Осы орайда ағымдағы жылы жалпы ет экспорттауды 60 мың тоннаға жеткізу туралы Президенттің тапсырмасының немесе Үкіметтің Қытайға жыл сайын 3 млн. тонна астық сату жөніндегі уәдесінің орындалуы жөнінде орынды сауал пайда болып отыр», - деді Сенат спикері.