Қазақстанның әлем елдеріне сапалы астық экспорттауына зор мүмкіндіктері бар - Е. Аман
Бүгін елордада өтіп жатқан Халықаралық астық конференциясы барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы Евгений Аман осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әлемдік қауымдастықтың Қара теңіздік астық белдеуі әлеуетіне үлкен сеніммен қарайтыны сөзсіз. Бұл астық белдеуінің негізгі өкілдерінің бірі Қазақстан - астық экспорты бойынша әлемдегі алғашқы ондыққа кірсе, ұн экспортынан бірінші орында тұр. Сарапшылар ғаламдық қаржы дағдарысы кезеңінде астық саудасының әлемдік деңгейдегі белсенділігі төмендейтінін айтып, болжамдар жасауда. Бұның өзі қазақстандық астық экспортының қуатын сақтап қалу үшін сындарлы әрі тиімді шешімдерді, сауатты маркетингтік қадамдарды талап ететіні сөзсіз», деді Е. Аман.
Оның айтуныша, конференцияның негізгі мақсаты ТМД елдері аумағында астық нарығы бойынша өзара байланысты нығайту, қазақстандық астықтың әлемдік нарыққа шығу жолдарын пысықтай түсу, Азия елдері мен парсы шығанағы бойынша экспорттық нарық перспективаларын айқындау, сондай-ақ Кеден одағының қазақстандық астық нарығы мен экспорттық әлеуетіне әсерін бағалау болып табылады.
«Қазақстанның сапалы астық экспорты бойынша зор мүмкіндіктері бар. Бұл мақсатта шығындарды азайту, астық дақылдары түрлерін өндіруді кеңейту бойынша мемлекет тарапынан қомақты қолдау жасалуда. Қазақстанның теңіз порттарынан қашықта орналасқаны белгілі, сондықтан да астық экспортының инфрақұрылымы, оны тұтыну орнына жеткізу шаралары проблемалық мәселе болып табылады. Осы бағытта қазақстандық астықтарды Қытай, Оңтүстік-шығыс Азия, парсы шығанағы елдеріне жеткізу мәселелері қарыстырылып жатыр. Осы мақсатта тұңғыш рет көліктік-тасымалдау шығындарын төмендетуге арналған қаражат көзделіп отыр», деді Е. Аман.