Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену мүмкіндігі аса зор - Еуропа Парламенті депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 2050 жылға дейін әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына ену мүмкіндігі аса зор. Бүгін елімізде өтіп жатқан кезектен тыс Президент сайлауына орай өткен баспасөз мәслихатында Еуропа Парламентінің Орталық Азия бойынша делегация басшысы, Латвияның Еуропа Парламентіндегі депутаты Ивета Григуле осылай мәлімдеді.

«Елдің дамуы мен нығаюына жиырма жылдан сәл асатын кезең ішінде қол жеткізу - бұл соншалықты көп уақыт емес. Батыс Еуропадағы демократияның өзі жүздеген жылдар бойы дамып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның 20 жыл ішіндегі жетістіктері - бұл шынымен таңданарлық жайт», - деді И.Григуле. Сонымен қатар, Еуропалық Парламент депутаты осыдан 20 жыл бұрынғы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстыра отырып, көптеген салаларда ілгерілеушіліктің бар екенін мәлімдеді.

«Мен Қазақстан Үкіметі межеленген 2050 жылға дейін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену туралы жоспарының орындалатынына әбден сенемін. Сіздер бұған қол жеткізе аласыздар. Өйткені, сіздер көрсетіп жатқан экономиканың ғана емес қоғамның да даму қарқыны -шынымен таңғалдырады», - деді ол.