17:31, 22 Мамыр 2009
Қазақстанның алғашқы мұнайшысы Сафи Өтебаевтың 100 жылдығы аталып өтті
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Қазақстанның алғашқы мұнайшысы, мұнай-газ өндірісінің реформаторы, қайраткер Сафи Өтебаевтың туғанына 100 жыл және Қазақстанда мұнай өндірудің басталғанына 110 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен болған шараға мұнайшы ардагерлер, «Мұнай ата» атанған Сафи Өтебаевтың ұрпағы, қоғам қайраткерлері жиналды. Мерейтойлық отырысқа қатысқан «ҚазМұнайГаз» компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин алдымен мұнайшы ардагерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Содан кейін компания басшысы Сафи Өтебаевтың еңбек жолына тоқталды. «Елімізде Кеңқияқ, Құлсары, Қаратон, Мұнайлы, Жетібай, Өзен және басқа да маңызды мұнай орындарының ашылуы және оның өндірісі Сафи Өтебаевтың атымен тығыз байланысты. Ол Қазақстан мұнай өнеркәсібінің негізін қалады», - деді Қайыргелді Қабылдин.С.Өтебаев 1909 жылы Атырау облысы Қарабау ауылында дүниеге келген. 1935 жылы М.Әзизбеков атындағы Әзірбайжан мұнай институтын тәмамдады. 1938 жылы Атырауда ашылған мұнай өңдеу зауыты оның бастамасымен салынған болатын. Мұнай абызы туралы Әбіш Кекілбайұлының, «Қиян түкпір Маңғыстауда қалған балғын бала кезімізде есімін ең көп естіген адамым еді. Ол маған ұшқыш Чкаловтай, поляршы Папаниндей, комбат Бауыржан Момышұлындай, геолог Қаныш Сәтбаевтай, Арман архипелагының ақиық тұрғынындай болып елестейтін. Өйткені ол қазақ жерінен таяуда ғана табылып, нәпақасы қазақ ауызына енді-енді тие бастаған ең жаңа ырзық ? ұлттық мұнай өнеркәсібінің ізашары, көшбастары еді?, - деп айтқан сөзі де бар.Шара барысында Н. Сафиннің авторлығымен жарық көрген «Сафи Өтебаев» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Сонымен бірге Қ. Омаровтың «Қазақстан мұнайының патриархы» деректі фильмі көрсетілді.