Бұл туралы бүгін Алматыдағы «Нұр Отан» ХДП филиалында өткен партия жанындағы ардагерлік және әскери-патриоттық бірлестіктері Қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысы барысында айтылды.
Партия мүшелері, мемлекеттік және саяси қайраткерлер, Ұлы Отан соғысы мен жауынгер-интернационалистерінің ардагерлер қоғамдық ұйымдарының басшылары, Чернобыль АЭС апатын жоюдың қатысушылары қатысқан отырыс барысында Н.Назарбаевтың президентік өкілеттілігін ұзартуға бірауыздан қолдау білдірілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылғы желтоқсан айының 22-23 күндері Астана қаласында Қазақстанның ардагерлік және әскери-патриоттық бірлестіктерінің Республикалық форумы өтіп, онда «Нұр Отан» ХДП жанынан аталған кеңес құрылған болатын. Кеңестің қызметі азаматтардың бойында патриотизм, өз елінің мәдениетін, тарихын, дәстүрін құрметтеуді қалыптастырып, жастар мен өскелең ұрпақты Отанын сүю және оны қорғауға тәрбиелеу мақсатында «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы мен ардагерлердің қоғамдық ұйымдарын біріктіріп, нығайтуға, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысы және жергілікті жанжалдардың қатысушылары Чернобыль АЭС апатын жоюдың қатысушыларының мемлекеттік қолдау деңгейін көтеруге бағытталған.