Қазақстанның аса ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшылары алғаш рет ел чемпионы атағын сарапқа салады

АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 17-сінде кәсіпқой бокстан халықаралық турнир өтеді.

Бұл жарыстың басты жекпе-жегі аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шеберлері арасындағы Қазақстан чемпионы атағы үшін өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Онда рейтингтік кездесулерде 55,3 килә салмақта Тұрсынбек Сыдықов ресейлік Равиль Мұхамедияровпен (4 раунд), Ерсін Жайлауов тайландтық Наронной Ор Муанлангпен (6 раунд) кездеседі. 53,5 киләда Жанат Жақиянов ресейлік Александр Федоровпен (8 раунд), 57,2 киләда Міржан Жақсықов тайландтық Ёдмонкол Синманасакпен (6 раунд), 61 киләда Берік Қалиев ресейлік Александр Салтыковпен (6 раунд) жұдырықтасады. 66,2 киләда Әсет Айсин эстониялық Леонтий Ворончукпен (6 раунд), Владислав Савченко тайландтық Сомчай Накбалимен (8 раунд) өз күшін сынайды. Ал Қазақстанның кәсіпқой боксы тарихында алғаш рет сарапқа түскелі отырған ел чемпионы атағы аса ауыр салмақтағы былғары қолғап шеберлері Қанат Алтаев пен Талғат Досанов арасында өтеді. Қанат Алматыдағы «Абылай хан», ал Талғат Шымкенттегі «Ұлан боксинг» промоутерлік компаниясының боксшысы.