Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы (MINURSO) референдумды өткізу кезіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі бітімгершілік миссиясын орындау барысында қазақстандық офицерлер капитан Бақтияр Ақбалаев пен капитан Темірлан Мүсәпіров БҰҰ медальдарымен наградталды», -делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, 2014 жылдың шілдесінен бастап қазіргі уақытқа дейін «ҚАЗБРИГ» қазақстандық бітімгершілік бригадасының 4 офицері Батыс Сахарадағы референдумды өткізу кезіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссиясында бақылаушылар ретінде қызмет атқаруда. Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 2 офицері ағымдағы жылдың наурызынан бастап Кот-д'Ивуардағы БҰҰ бітімгершілік миссиясында (UNOCI) әскери бақылаушы.
Сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері құрамынан БҰҰ бітімгершілік миссияларының әскери бақылаушылары ретінде 20 әскери қызметші іріктеліп, Гаитде, Батыс Сахарада, Кот-д'Ивуарда және Либерияда қызмет өткеруге даярланды.
Қазіргі уақытта Батыс Сахарадағы (MINURSO) БҰҰ бітімгерлік миссиясына «Қазбат» қазақстандық бітімгершілік батальонынан бір офицерді әскери бақылаушы ретінде жіберу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.