Қазақстандық парашютшілер командасы Азия және Мұхит аралдары чемпионатынан 12 кубок, 18 медаль алып келді, оның ішінде 10 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль бар.
Азия және Мұхит аралдары чемпионаты Индонезияның Соло қаласында өтті. Оған жеті мемлекеттің командалары қатысты. Спортшылар парашютпен секірудің үш түрінен сынға түскен. Оның ішінде топтық және жеке есепте белгіленген нүктеге дәл қону, сондай-ақ парашюттік акробатика бойынша өнер көрсетті. Сынның үшеуіне қатысқан қазақстандықтар жүлдеден құралақан қалмады.
Ерлер командасында өнер көрсеткен Юрий Сабад, Валентин Валявин, Игорь Штоль, Вячеслав Ли және Сергей Жолдин топтық дәлдікте керемет жетістіктерге қол жеткізе алды. Соның арқасында Қазақстандық спортшылар топ жарып, бірінші жүлделі орынға шықты. Команда екі кубок және 5 алтын медальмен марапатталды.
Қыздар командасы да ерлерден қалысқан жоқ. Парашютшілер Анна Анцупова, Ольга Федоренко, Наталья Николаева, Бибігүл Рамазанова және Александра Ларина шеберліктерін асырып, 1-ші орынды иеленді.