Қазақстанның әскери сотының төрағасы Серік Байбатыровқа қастандық жасаған 39 жасар Руслан Едресов іздестірілуде
Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға кеше таңғы сағат 9-дар шамасында Алматы қаласының Бостандық ауданында орын алған. Әскери соттың төрағасы мінген қызметтік көлікке Жароков көшесімен Левитан көшесінің қиылысында «Mitsubishi Pajero» көлігі қуып жетіп, тұтқиылдан оқ атқан.
«Оқиға орын алған соң арада 2 минут өткенде күдікті автокөліктің соңына Жол полициясының кезекші қызметі түсіп, қуғын 7 көше орамынан өткенше жалғасты. Жол таңдамайтын биік автокөлік аталған маңайдағы жол жөндеу аумағын пайдаланып, жол жиегімен өтіп үй аулалары арқылы ізін жасырған. Сонымен бірге қалада «Тұтқындау» шарасы енгізілді», - дейді қалалық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Салтанат Әзірбек. Оның айтуынша, жедел-тергеу топтары Серік Байбатыровтың бұрынғы күйеу баласы 39 жасар Руслан Едресовтың аталған қылмысқа қатысты бірнеше заттай айғақтарын қылмыстық іске тіркеген. Сондай-ақ, тергеу жұмыстары олардың жеке қарым-қатынастарына байланысты қастандық әрекетін анықтаған.
«Анығы, қылмыскер қастандық әрекетіне өте тыңғылықты дайындалған. Серік Байбатыровтың жүретін жол бағыты мен жұмыс уақытына дейін жақсы білген. Қаскөй қылмыс жасауға күндізгі уақытты бекер таңдамаған тәрізді. Себебі көлік кептелегі кезінде ол оңай із жасырып кетуіне сенімі кәміл болған. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болып табылатын күдікті азамат Алматыға өз көлігімен 20 тамызда жолға шыққан. Қарасай ауданы тұсынан қалаға енген», - деді Салатанат Әзірбек. Оның айтуынша, күдіктіге іздеу жарияланды. Кісі өліміне бағытталған қастандық әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды.