Қазақстанның Әскери-теңіз күштері Каспийдегі стратегиялық нысандарды лайықты қорғайды

None
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің «Шағала-2013» оқу-жаттығуы жалғасуда. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жаттығуға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының басқармасы мен әскери-теңіз базасының жауынгерлік даярлық, тылдық қамтамасыз ету, қару-жарақ, байланыс, мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімдері мен қызметтерінің әскери қызметшілері қатысуда.

Бүгін «Шағала-2013» оқу-жаттығуы шеңберінде тәжірибелік кемелік атыстар жүзеге асты. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Қазақстанда жасалған жаңа зымырандық-артиллериялық «Қазақстан», «Орал» кемелерімен өмірлік маңызы бар нысандарды, оның ішінде мұнайгаз кешендерін, қолдан жасалған аралдарды күзету мен қорғау элементтерін пысықтады.

«Штат үйлесімді қимылдады, барлық нысаналар жойылды. Жаттығу Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы жүктелген міндеттерді орындауға және теңіздегі мемлекеттік мүдделерді қорғауға дайын екенін көрсетті», - деп атап өтті «Шағала-2013» оқу-жаттығуының жетекшісі 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев.

«Шағала-2013» оқу-жаттығуы Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік қабілеті мен әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2013 жылғы 17-19 қазан аралығында Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде «Шағала-2013» оқу-жаттығуы өтуде. Үш күндік
оқу-жаттығу барысында мемлекеттік шекараны күшейту, жауынгерлік атыстар жүргізу арқылы теңіздегі кемелерді күзету мен қорғау пысықталады.