Қазақстанның әскери теңізшілері Бахрейн Корольдігінде теңіз инфрақұрылымының мәселелерін талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мен АҚШ қорғаныс ведомстволары арасында екіжақты ынтымақтастық шеңберінде ҚР ҚК ӘТК-нің бас қолбасшысы контр-адмирал Жандарбек Жанзақов теңіз инфрақұрылымының қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық симпозиумға қатысты. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінгі таңда теңіз инфрақұрылымы мәселесі өте өзекті. Жаһанның көптеген елдері лаңкестердің, қарақшылардың тарапынан қауіп-қатерлерге душар болып отыр. Осы қатерді болдырмау және сауда кемелерінің теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде теңіз компаниялары Әскери-теңіз күштері мен жағалау күзетімен тығыз қарым-қатынаста болуы қажет.

Конференция барысында 30 елдің Әскери-теңіз күштерінің өкілдері, 20-дан аса компания және әскери-теңіз саласындағы 30-дан аса маман осы және өзге де мәселелерді талқылады.

Одан басқа, сапар барысында ҚР ҚК ӘТК бас қолбасшысы бесінші флоттың қолбасшысы вице-адмирал К. Донеганмен кездесті. Кездесуде ҚР ҚК ӘТК әскери қызметшілерінің АҚШ ӘТК 5-ші флотының корабльдерінде практикадан және тағылымдаман сәтті өтуі, сондай-ақ олардың әртүрлі конференцияларға, форумдар мен симпозиумдарға қатысуы талқыланды. Сонымен қатар, екі елдің әскери қызметшілері АҚШ ӘТК-нің «Proud Lions» корабліне барды. Бүгінгі таңда шетелде ҚР Әскери-теңіз күштерінің болашақ әскери қызметшілері атанатын 50-ден аса қазақстандық курсант білім алып жүргенін айта кетейік.