Қазақстанның астық экспорты әлеуеті 7,5 млн. тоннаны құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның астық экспорты әлеуеті 7,5 млн. тоннаны құрайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Ауыл шаруашылығы өндіру көлемінің өсімі 4,4 пайызды құрады. Ол өсімдік шаруашылығы өнімдері өндірісі көлемінің 5,6, ал мал шаруашығы өнімдері өсімінің 3,2 пайызға артуы есебінен қамтамасыз етілді. Алғашқы салмақта шамамен 27 млн. тонна астық бастырылды. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 3,4 млн. тоннаға артық. Экспорттық әлеует 7,5 млн. тоннаны құрайды», - деді Б.Сағынтаев.
Б.Сағынтаевтың атап өтуінше, өнеркәсіп өндірістерін қолдау жөніндегі нақты шараларды дер уақытында қабылдаудың арқасында өндіріс көлемі төмендеген жоқ. Дегенмен, өнеркәсіп өндірісі 1,6 пайызға, тау-кен өндірісі 2,5 пайызға төмендеген. Мұнай өндіру көлемі 1,7, көмір - 5, темір кені 22 пайызға төмендеген.
«Бұл Қытай тарабынан сұраныстың төмендеуіне байланысы жайт. Бірақ, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінде 0,2 пайыз деңгейіндегі өсім қарқыны байқалады. Түсті метталургия өнімдерін шығару 23,6, ал қара металлургия 0,9 пайызға өсті», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.