Қазақстанның Ата заңы өткен 15 жылда өз құзырлығын іс жүзінде дәлелдеді - Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Елшісі А.Смирнов

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат - Тамыздың 30-ында Минскіде Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Елшісі Анатолий Смирнов Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Елші өз сөзінде, Қазақстанның Конституциясы барлық мемлекеттік тетік пен азаматтық қоғам институттары қызметтерінің негізін қалаушы қағидаларды анықтағанын, адам мен азаматтың мәртебесін анықтап, еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының құқықтық негізі болғанын атап көрсетті, деп хабарлады Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметінен.

Дипломат өз сөзінде 2007 жылғы конституциялық реформаға толығырақ тоқталып өтті. Атап айтқанда, ол, реформаның Қазақстандағы барлық саяси үдерістің жандануына кең мүмкіндік ашқанын атап көрсетті. Және Конституцияға енгізілген өзгертулерді жүзеге асыру және ұлттық заңнаманы реформа нәтижелеріне сәйкестендіру мақсатында еліміздің кейбір заңдарына түзетулер енгізіліп, бірқатар жаңа заңнамалық актілер қабылданған болатын.

Дипломат өз сөзінде сондай-ақ, біздің Ата заңымыздың 15 жылда өз құзырлығын іс жүзінде дәлелдегенін атап көрсетті. Осы уақыттың ішінде Қазақстан тұрмыстың барлық саласында айтулы оң жетістіктерге қол жеткізіп, әлем державаларының арасында лайықты орын ала алды. А.Смирновтың айтуынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және 2010 жылы желтоқсанның 1-2-сінде Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі қабылдаған шешім осының жарқын дәлелі.