Қыркүйектің 28-і кездейсоқ таңдалған жоқ. 1942 жылы нақ осы күні КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті «Уран бойынша жұмыстарды ұйымдастыру туралы» жарлық шығарған және Ғылым академиясы жанында арнайы атом ядросы зертханасын құруды мақұлдаған болатын.
2010 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 8452 тонна уран өндірілді, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 42 пайызға көп. Түзетулер енгізілген жоспарларға сәйкес биылғы жылдың екінші жартысында 9 770 тонна уран өндіру межеленген.«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының есепті кезеңдегі жалпы табысы 105 миллиард 687 млн теңгені құрап, 2009 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58 пайызға артты. Үстіміздегі жылдың бірінші 6 айлығындағы таза табыс 19 миллиард 414 миллион теңгені құрады, бұл 2009 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 64 пайызға көп.
Бүгін мерекенің құрметіне атом өнеркәсібінде жылдың басынан бері атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылады, еңбектерімен көзге түскен сала қызметкерлеріне құрмет грамоталары табыс етіледі.