«Бүгінгі күні жер толыққанды нарықтық құрал болмай отыр, сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы өтімді актив те емес. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы жерлерінің негізгі үлесі 97,4 млн гектардың 98,8 пайызы ұзақмерзімді жалдауда болса, тек 1,2 пайызы ғана жеке меншікте. Осылайша, мемлекеттік қосалқы ауыл шаруашылығы жерлері нарық айналымына енгізілмеген түрінде тиімсіз жағдайда қалып отыр», - дейді министр Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда жерді жалға алушылардың басым бөлігі оны адал ниетпен пайдаланып жатқан жоқ. Ұтымды пайдалану бойынша талаптар да орындалмай келеді. «Мәселен, жерді өңдеу бойынша заманауи технологиялар енгізілмейді. Бұған жерді жалдау құнының төмендігі де әсер етеді. Осыған байланысты заң жобасының негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылатын жерлерді ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамсыз ету болып табылады. Бұл ретте жерлерді жеке меншікке табыстаудың жаңа тетіктерін енгізу қарастырылады», - деді Ұлттық экономика министрі.