Бұрын хабарланғандай, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының хабарламасына сәйкес, қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Зүлфия Чиншанло спорттық қызметінен уақытша шеттетілді. Лондондық Олимпиада кезінде алынған допинг-сынамаларды қайта сараптау кезінде тыйым салынған заттардың болғаны анықталды.
Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік Кодексінің 2.1 бабына сәйкес спортшы өзінің ағзасына түсетін әр зат үшін жауап береді. 13 бапқа сәйкес спортшы оған қатысты қабылданған әр шешімге шағымдана алады.
Қазақстанның Ауыр атлетика федерациясы ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті және ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп атлеттерге өздерінің заңды құқықтарын қорғаулары үшін тиісті құқықтық қолдау көрсетеді.
ҚР Ауыр атлетика федерациясы БАҚ арқылы барлық кезеңнің қорытындысын хабарлайды.