Қазақстанның азаматтық альянсы мемлекеттен үкiметтiк емес ұйымдарға амнистия жариялауды сұрап отыр

АСТАНА. 1 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның азаматтық альянсы мемлекеттен үкiметтiк емес ұйымдарға амнистия жариялауды сұрамақ. Бұл туралы бүгiн Қазақстанның азаматтық альянсы ұйымының басшысы Нұрлан Ерiмбетов ҚР Президентi жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында мәлiм еттi.

Оның атап көрсеткенiндей, қазiргi таңда Қазақстанда 27 мың ҮЕҰ тiркелген. Дегенмен олардың барлығы бiрдей қоғамдық жұмыстарды атқарып жатқан жоқ. Тiптi қағазбастылықтан өз ұйымдарын жаба алмай, салықтық қарыздардан арыла алмай отырғандары қаншама.

"Бiздiң көптеген қоғамдық ұйымдар жұмыс жасап жатқан жоқ. Өйткенi кезiнде үкiмет мемлекеттiк сатып алу ережелерiн өзгерткен кезде оның басым бөлiгi жабылып қалды. Алайда олар әлi ресми түрде ұйымды тiркеуден алмаған. Салықтық айыппұлдары да қомақты деңгейге жеткен. Бiз Үкiметтен олардың амнистиясын жариялауды сұрамақпыз. Адамдар айыппұлдарын жойып, ұйымдарын ресми түрде жабуға мүмкiндiк алулары үшiн", - дедi Н.Ерiмбетов.