Қазақстанның Азаматтық альянсы сайлаудың заң талаптарына сай өткенін мәлімдеді

АСТАНА. 5 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 3 сәуірде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы қолданыстағы заңнама талаптарына сай өтті.

Бүгін Қазақстанның Азаматтық альянсы осындай мәлімдеме жасады.

«Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында өткен баспасөз мәслихатында Альянс басшылары «Қазақстан-2020» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы құрамына кіретін үкіметтік емес ұйымдардың сайлау үдерісіне белсенді түрде қатысқанын атап өтті. Бұндай үкіметтік емес ұйымдар өкілдері сайлау барысында әлеуметтік зерттеулер жасап, экзит-полдар ұйымдастырған, сайлау барысын байқаушы міндетін де атқарған. «Біз асқан сенімділікпен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы еліміздің «Сайлау туралы» заңнамасына сәйкес өтті деп мәлімдейміз. Сайлау барысы еш заң бұзушылықсыз өтті және бұл үдеріс жалпы мойындалған халықаралық стандарттарға толығымен сәйкес келеді. Бұның өзі біздің еліміздің демократиялық даму жолының кепілі болатынын білдіреді», - деді Мәжіліс депутаты, Азаматтық альянс үйлестіру кеңесінің төрайымы Айгуль Соловьева.