Қазақстанның азаматтық заңнамасына Британ құқығының элементтерін енгізу көзделеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның азаматтық заңнамасына Британ құқығының элементтерін енгізу көзделеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісіте азаматтық заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын таныстырған Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина мәлім етті.

«Біз заң жобасында құқықтық саясат тұжырымдамасындағы бағыттар мен міндеттерді қамтуға тырыстық. Алайда, Қазақстанда азаматтық заңнаманы жетілдіруді қарастыратын басқа да мәселелер баршылық. Атап айтқанда, Британ құқығы мен оның жекелеген элементтерін біздің ұлттық заңнамаға қолдану туралы міндеттер қойылып отыр. Бұндай құқық әсіресе Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне, еліміздің экономикалық байланыстар көкжиегін кеңейтуіне байланысты мейлінше өзекті болып табылады», - деді З. Баймолдина.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Әділет министрінің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылып, ол топ Британ құқығының элементтерін енгізу мәселесімен айналысуға кіріскен.

«Біз ұсынып отырған заң жобасында заңды тұлғалар институтының мүмкіндіктерін ашуға бағытталған бірқатар нормаларды қамтып отырмыз. Алайда, осы институттың қызметін одан әрі жетілдіру үшін біз қолданыстағы Азаматтық кодексте жоқ, бұрын бізде болмаған элементтерді енгізуді көздейміз. Бұл міндеттемелік құқықтар институтына да қатысты мәселе. Сондықтан да, біз осы бағытта Англия заңнамасына, Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы елдерінің заңнамасына терең талдаулар жасайтын боламыз», деді З. Баймолдина.