Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі бауырластар қабіріне гүл шоқтарын қою шарасына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Әзербайжанда жыл сайын өтетін бауырластар қабіріне Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 69 жылдығына орай гүл шоқтарын қою салтанаты өтті.

Шараға Әзербайжанда тіркелген ТМД елдерінің өкілдері, Қазақстан елшілігі, қоғам өкілдері, парламент депутаттары мен соғыс ардагерлері қатысты.

Екінші дүниежүзіліқ соғыс жылдары қиындықтарға қарамастан әзербайжандық мұнайшылар ерлік пен батылдық танытып, фронтты жанар-жағармаймен қамтамасыз етіп отырды.

Мұнайшылардың жанкешті еңбегінің арқасында Әзербайжанда мұнай өндіру көрсеткішінің рекорды орнатылды. 23,5 млн. тонна «қара алтын» өндіріліп, ол бүкіл КСРО бойынша өндірілген мұнайдың 71,4 пайызын құрады.

Жалпы соғыс жылдары Әзербайжан елді 75 млн тонна мұнай, 22 млн. тонна бензин және басқа да мұнай өнімдерімен қамтамасыз етті. Баку мұнайының фашизмді жеңуде баға жетпес үлес қосқанын сеніммен айтуға болады. Бес ұшақтың, танктің, машинаның әрбір төртіншісі Баку бензині арқылы жұмыс істеген.