Шара барысында Қазақстан криминологиялық қауымдастығы бір топ сарапшылардың қатысуымен ұлттық БАҚ туралы заңнаманың халықаралық стандарттарға сәйкестігіне қатысты жүргізген тексерулерінің қорытындыларын таныстырды. Аталған жоба Еуроодақ тарапынан бөлінген грант негізінде жүзеге асып отыр.
«Біз бұл ретте Қазақстанның ұлттық заңнамасы жетіліп келе жатқандығын және мемлекет БАҚ пен сөз бостандығы туралы мәселелер қамтылған халықаралық актілерге қосылатынын атап өткіміз келеді», - деді қазақстандық сарапшы Серікқали Тыныбеков журналистерге берген сұхбатында. Оның айтуынша, зерттеу барысында отандық заңнамамен қарастырылған жала жабуға қатысты қылмыстық жаза беру туралы мәселе біраз дау тудырған. «Тоқтала кететін жайт, Еуроодақтың 47 мемлекетінің 28-інде қылмыстық жауапкершіліктің осы түрі қарастырылған. Бұл жерде мәселе БАҚ-ты пайдалана отырып, белгілі бір азаматтың ары мен намысына нұқсан келтірілетін өтірік жала жабу туралы болып отыр», - деді сарапшы. Оның пікірінше, Қазақстанның ұлттық заңнамасында бұндай норма сақталуы шарт. Ал жалпылама алғанда, жиынға қатысушылар елдің заңнамасы халықаралық талаптарға сәйкес келеді деген қорытынды шығарып отыр. Десе де, заңнаманы одан әрі жетілдіре түсу үшін конференция қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленетіні белгілі болды. Бұндай ұсынымдар Парламент депутаттарына, мүдделі министрліктер мен мемлекеттік органдарға жолданатын болады.