Қазақстанның барлық аумағына нотариаттық қызмет үшін бірыңғай тариф белгілеу көзделуде

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы барысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелеріне байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған аталған заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстанның барлық аумағында жеке нотариустердің нотариаттық іс-әрекеттер жасауы үшін тариф ставкасының бірыңғай мөлшерін белгілеу болып табылады. Бұл бағытта депутаттар нотариаттық тарифтерді қалыптастыру кезінде куәландыратын мәміленің құнына барабар тарифті белгілей отырып, шетелдердегі осы үлгідегі нотариаттың тәжірибесін ескеруді көздеп отыр. Мұндай әдіс нотариаттық іс-әрекеттер жасауға барған барлық субъектілердің нотариаттық тарифті төлеу кезінде әлеуметтік әділдік қағидатын сақтауына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, заң жобасында Халықаралық нотариаттық ынтымақтастық бойынша комиссияның ұсыныстары, нотариаттық палаталардың және құқықтанушы ғалымдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілген. Комитет депутаттары «құжатты қабылдау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқпайды және қосымша қаржылық шығыстарды қажет етпейді», - деген қорытынды шығарды.