Қазақстанның барлық өңірлерінде тек отандық өнім сататын 22 «Халық маркасы» супермаркеттері ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барық өңірлерінде тек отандық өнім сататын 22 «Халық маркасы» супермаркеттері ашылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Халық маркасы» жобасының жетекшісі Римма Тәжібаева мәлім етті.

«Бүгінде жер-жерден біздерге тек қана отандық өнім сататын дүкендер желісін ашуға қатысты ұсыныстар түсуде. Біз оның тұжырымдамасын әзірлеп қойдық. Ендігі жылдан бастап еліміздің өңірлерінде 22 «Халық маркасы» атты супермаркеттер ашылады. Ол дүкендерде тек қана өзімізде өндірілген, қазақстандық өндірушілердің ғана брендтері сатылымға шығарылады» - деді жоба жетекшісі. Оның сөзіне қарағанда, аталған дүкендер желісінде 300-ден 500-ге дейінгі отандық тауар өндірушілердің тауарлары сатылмақ. «Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Өйткені, көптеген компаниялар өз өнімдерін еліміздің басқа өңірлеріне шығаруға мүмкіндіктері тым аз болуда. Ал «Халық маркасы» супермаркеттері арқылы мәселен, еліміздің батысындағы компаниялар өз өнімдерін оңтүстікке, оңтүстіктегі компаниялар батыс пен солтүстікке сатылымға шығара алады», - деді Р.Тәжібаева.