Қазақстанның барлық сайлау учаскесінде азаматтардың еркін қалауын білдіруге жағдай жасалған - Өзбекстан ОСК төрағасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық сайлау учаскесінде азаматтардың еркін қалауын білдіруге барлық жағдай жасалған. Бұл пікірді бүгін Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мирза-Ұлықбек Абдусаломов білдірді.

«Біз жалпы алғанда 20-дан астам сайлау учаскесінде болып, олардың жұмыстарымен таныстық. Ең алдымен атап өтерлігі, дауыс беру ҚР Конституциясының ережелеріне, сайлау заңнамасына сай өткізілді. Учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарын жинақты атқара алды. Олар барлығына да тыңғылықты дайындалған», - деді ол.

Осы ретте Өзбекстан ОСК төрағасы қазақстандық әріптестерінің сайлауға дайындық жұмыстарын өте жоғары деңгейде ұйымдастыра алғандығын баса айтты.

«Олардың дайындық жұмыстары өз жемісін берді әрі біз болған бірде-бір сайлау учаскесінде айтарлықтай кемшіліктер орын алмады. Барлық сайлау учаскелерінде азаматтардң еркін қалауын білдіруіне, сонымен бірге байқаушыларыдң жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған», - деді М.Абдусаломов.