Қазақстанның барлық жетістіктері Елбасымыздың аса қажырлы да табанды еңбегінің арқасында мүмкін болды - Дархан Мыңбай

None
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарланғанындай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында V Жалпыұлттық Қазақстан патриоттарының форумы болып өтті. Форумда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай сөз сөйледі.

ҚазАқпарат Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың форумда сөйлеген сөзінің толық мәтінін таратады.                                             

Қадірлі отансүйер қауым! Құрметті форумға қатысушылар!

Біз бүгін алғашқы рет мемлекеттік мәртебеге ие мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап отырмыз.

Бұл - тарихи дата, оның маңыздылығы уақыт өткен сайын арта береді. 1991 жылы дәл осы күні тәуелсіз Қазақстанның халқы ел тағдырын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолына тапсырды.

Жұбан ақын айтқандай, қазақ «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірақ кешегі сақ, ғұн, көк түрік, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында дәл бүгінгідей атағы аспандап, абыройы асқақтап көрген емес. Халқымызға осы атақ пен абыройды әперген - мемлекеттік қайраткерден ұлт Лидеріне айналған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. 

***

Бүгін - тарихи күн. Біз бүгін бүкіл халық болып Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні - мемлекеттік мерекесін атап өтудеміз. Бұл мерекенің белгіленуі - ортақ құндылықтармен топтасқан және ертеңгі күнге деген сенімі нықталған ұлтымыздың көрегенділігі мен бірлігінің көрсеткіші.

Тұңғыш Президент күні - қазақстандықтарға тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуының алғашқы қиын-қыстау жылдарына баға беруге бағытталған патриоттық тәрбиенің маңызды факторы ретінде қажет. Бұл мереке - тәуелсіздік жайындағы ғасырлық арманды және Қазақстанның табысты дамуын еліміздің Тұңғыш Президенті, нағыз Ұлт Лидерінің басшылығымен іске асыра алған Қазақстан халқының ерлігі туралы естелікті жадыда сақтауға қызмет етеді.

Бүгінде полиэтникалық қоғамдағы татулық біздің басты байлығымыз болып табылады. Тұңғыш Президентіміз толерантты Қазақстан қоғамына құқықтық және адамгершілік ахуалдың мызғымас негіздерінің іргесін қалаушы, тұрақтылықтың кепілі болып табылады. Олай болса, Тұңғыш Президент күні - бұл Қазақстан халқын топтастыруға үндейтін маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Бұл мереке сындарлы дамуымыздың маңызды шарты ретінде ұлттың, оның ішінде ең әуелі жастардың назарын бірлігімізді сақтау қажеттігіне бағыттауы тиіс.

Бүгінде Тұңғыш Президент - бұл қазақстандықтардың кез келген кедергілер мен қиындықтарды жеңудің символы. Тұңғыш Президент күнін мерекелеу жас ұрпақты жеңімпаздық рухына және жасампаздыққа бастауға және Қазақстанның әрбір азаматының жүрегіне сенім ұялату үшін қажет.

«Тұңғыш», «тұңғыш рет» - жаңа тарихтың көптеген беттері, Мемлекет басшысының дәуірлік шешімдері және тәуелсіз Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы орасан табыстары нақ осы сөздермен байланысты.

Тұңғыш рет Қазақстан ұлттық тарихында мызғымастығы айқын көрініп тұрған егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізді.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «20 жыл ішінде біз қуатты мемлекеті, жаңа экономикасы, біртұтас қоғамы бар - Ұлы мұра жасадық» (ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінен.)

Тәуелсіздік жылдары - бейбітшілік пен жасампаздықтың, Тарихтың торапты жолында алға қарай қуаттылықпен ілгерлеудің кезеңіне айналды.

Тұңғыш рет Қазақстан халықаралық қарым-қатынастың дербес субъектісі ретінде әлемдік аренаға шықты. Бүгінде біздің еліміз - әлемдік жетекші державалардың стратегиялық одақтасы, құрметті әріптесі. Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік  біздің елімізді сенімді одақтас ретінде жоғары бағалайды, жаңа мемлекеттің қарыштап даму қарқынын мүдделестікпен бақылап, біздің бастамаларымызды мейлінше қолдайды.

Әлемнің жетекші елдері бізді мойындап қана қоймай, біздің экономикамызға миллиардтаған инвестиция құю арқылы сенімділік ахуалын нықтай түсуде. Біздің еліміз беделді халықаралық ұйымдардың құрметті мүшесі ғана емес, оларға жетекшілік жасап келеді.

Тұңғыш рет ұлт тарихында Қазақстанның мемлекеттік шекарасы халықаралық заңдастырылып, ресми ресімделді.

Осынау барлық жетістіктер Елбасымыздың ұлтымыздың және барлық келер ұрпақтың игілігі жолындағы аса қажырлы да табанды еңбегінің арқасында мүмкін болды.

Қазақстан ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан және өте қуатты ядролық полигонды жапқан тұңғыш мемлекет.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «бұл тарихи акт аса зор өркениеттік мәнге ие». (Елбасының Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінен)

Біз өз көршілерімізбен және одақтастарымызбен бірге өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты жаңа тетіктерін құрдық.

Осының барлығы қазіргі заманның аса көрнекті саясатшысы ретінде мойындалған Мемлекет басшысының өз жеріне деген мұқалмайтын саяси ерік-жігері мен перзенттік қамқорлығының нәтижесі.

Қазақстан - бұл өзінің үлгі-өнегесі арқылы әлемге бейбітшіл, еңбекқор, білімді, болашаққа құлаш ұрған, өз жерін шексіз сүйетін, өзінің алуандылығымен біртұтас халықтың неге қол жеткізе алатынын дәлелдеп берген ел.

Қазақстан - бұл Шығыс пен Батыс арасында өркениетімен, мәдениетімен жаһандық үнқатысуға бастама көтерген ел, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің және өзге де халықаралық форумдардың өткізілетін орны.

Бүгінде бүкіл адамзат қауымдастығы этносаралық және конфессияаралық келісім, бірлік, қауіпсіздік, болашаққа деген сенімділік сияқты құндылықтарға мұқтаж болып отыр. Ел Президенті әрдайым атап көрсететініндей, бұл, біздер, қазақстандықтар бәрінен бұрын бағалай білуі тиіс қолымызда тұрған баға жетпес байлық.

Қазақстандықтар бұл байлық Мемлекет басшысының терең гуманистік бағыттағы үндескен саясатының жемісі екенін біледі.

Қазақстан - бұл ең күрделі жылдары ТМД бойынша өзінің жол нұсқайтын шамшырағы - 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму  Стратегиясын жасаған тұңғыш ел.

Өткен 15 жылда Стратегияның нәтижелілігін мынадай екі-ақ санмен көрсету жеткілікті: халықтың жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 16 есеге өсіп, 12 мың долларға жетті! Осындай қысқа мерзімде ешбір мемлекет мұндай нәтижеге қол жеткізе алған жоқ.

Бұл Ұлт Лидерінің еліміздің нақты бағытын белгілеп, инновацияға ұдайы бағдар ұстауға негізделген дәйекті таңдауының нәтижесі.

Қазақстанның тұңғыш әрі жаңа келбеті - бұл таңғажайып әрі батыл көрінісіміз - Еуразияның ғажайып туындысына айналған жас елордамыз Астана.

Астана ұлттық рухымыздың өршілдігін, тереңдігі мен кеңдігін бойына сіңірді. Ол халықтың өз күшіне деген сенімділігінің, жаңарудың символына, біздің өрлеулеріміздің мақтанышына айналды.

Астана - біздің Лидеріміздің және халқымыздың тарихи көрегенділігі мен жасампаздық күш-қуатының көрінісі.

Құрметті Форумға қатысушылар! Бүгін - ұлттық мақтаныш күні.

Біз өз елімізбен мақтанамыз!

Біз Тұңғыш Президентімізбен, Елбасымызбен мақтанамыз!

Біз өзіміздің орасан жеңістерімізбен мақтанамыз!

Біз батырларымызбен мақтанамыз.

Біз алдымызға жаңа биіктерді белгілейміз.

Және де біз бұл биіктерді бағындыра алатынымызды білеміз, өйткені біз Елбасымызға, қазақстандықтарға, Қазақстанға сенеміз.

Өйткені Қазақстан - бұл сіздердің баршаларыңыз - еліміздің патриоттары. Қазақстан - елімізді биік мақсаттарға қол жеткізуге құлшыныс таныту арқылы өзінің білім-білігімен, күнделікті еңбегімен және шығармашылығымен, өзінің асқақ арманымен және күш-қуатымен ерекшеленетін барша азаматтар.

Өз Отаныңның нағыз азаматы, патриоты болу үшін міндетті түрде батыр немесе ертегінің ерек кейіпкері болу шарт емес. Қарапайым ғана өз жеріңді сүйіп, білім алып, еңбек етіп, адамдарға жақсылық жасап, яғни еліңнің, өзіңнің және жақындарыңның алдында жауапкершілкте болып, лайықты отбасы құрып, жақсы адамдарды тәрбиелей білу керек. Бұл қарапайым қағидалар баршаға таныс. Бірақ оларды жүзеге асыру үшін бүкіл өміріңді арнауың керек.

Осыған байланысты Рузвельттің «сенің өз елің үшін өлуге дайын болуың маңызды, бірақ сенің ол үшін өмір сүруге дайын болуың одан да маңызды» деген сөздері еске түседі.

Қазақстан - бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйкесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекет. Сол беделдің арқасында 2017 жылы Астанада Халықаралық «ЭКСПО» көрмесі де өтетін болды. Тарих бағасын беретін бұл ерекше жетістіктің маңызын әрбір азамат білуге тиіс деп ойлаймыз.

Елімізді биіктен биікке бастап келе жатқан Президентіміз бар.

Лидер алдағы кезде 50-100 жылда не болатынын болжап, біліп қана қоймайды, халқын соған сендіре біледі. Иландыра білетін қасиеті болады.

АҚШ-та, басқа да өркениетті елдерде Президент күнін атап өту дәстүрі қалыптасқан және  мемлекеттің негізін салушыларға ұлтты ұйыстырушы ретінде бағалаудың дәстүрі бар. Оған бірнеше айтулы тұлғалар енеді: Джордж Вашингтон, Джон Адамс, Томас Джефферсон, Джеймс Мэдисон, Александр Гамильтон, Бенджамин Франклин.

АҚШ-тың негізін осындай алуан саланың айтулы тұлғалары қалаған. Ал Қазақстанның іргесін өз қолымен жасаған - Тұңғыш Президент, Елбасы, Қазақстанды, қазақ халқын, әлемге танытқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Сондықтан да ол Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы дара тұлға.

Тұңғыш Президентіміздің күні құтты болсын!

Жасай бер, Жаса, Қазақстан!