Қазақстанның баспана нарығында бәсекелестік тиісті деңгейде емес - ҚР Ұлттық экономика министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның көптеген өңірлерінде баспана нарығында бәсекелестік әлсіз деңгейде. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА ресми сауалына ҚР Ұлттық экономика министрлігінен осылай мәлім етті.

Ведомствоның деректеріне қарағанда, тұрғын үй нарығына жүргізілген (Бәсекелестікті қорғау комитеті жүргізген) талдауға қарағанда, еліміздің көптеген өңірлерінде баспана құрылысы нарығы дамымаған бәсекелестік ортамен байқалып отыр. Бұл жерлерде негізгі ойыншылар нарықта иемденіп отырған жағдайының арқасында тұрғын үй құрылысының көлемін және оның бағасын өздері айқындайды.

Ведомство Астанадағы баспана құнының деңгейі жоғары екенін де мойындап отыр. Осы орайда олар ҚР Үкіметі елордадағы тұрғын үй бағасын оңтайландыру бойынша кешенді жоспарды қабылдағанын еске салып өтті.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында құрылысқа рұқсат беру рәсімдері мен құрылысқа жер телімін бөлу шараларын жеңілдету, үлестік құрылыс тетіктерін жетілдіру, нарықтың құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілуін назарда ұстау және басқа да мәселелер ескерілген.

Мұнымен қоса, министрлік биыл баспана нарығында құрылыс компаниялары арасында бағаны өзара ымыраласып келісу тұрғысында монополияға қарсы заңнаманы бұзушылыққа тексеру жүргізілмегенін хабарлады.