Қазақстанның басым аумағы циклонның ықпалында болады - 27 наурызға арналған ауа райы болжамы

None
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым аумағы циклонның ықпалында болады, соның салдарынан жауын-шашындатып, кей жерлерде тұман түседі, көктайғақ болып, жел күшейеді.

Республиканың оңтүстік шығысында кей жерлерде найзағай ойнайды, батысында құмды дауыл болады. Тек елдің оңтүстігінде жауын-шашын жаумайды, деп хабарлайды Қазгидрометке сілтеме жасай отырып ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Ақмола облысында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, кей жерлерде оның екпіні 25 м/с-қа жетеді, көктайғақ болады.

Солтүстік Қазақстан облысында желдің жымдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді, кейде оның екпіні 25 м/с-ті құрайды, кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ орнайды.

Қостанай облысында кей жерлерде көктайғақ орнайды, тұман түсіп, қарлы бұрқасын болады, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, кейде оның екпіні 23 м/с-қа жетеді. Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында тұман түсіп, көктайғақ орнайды, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Атырау облысында тұман түседі, күндіз жел 15-20 м/с-қа дейін күшейіп, соңы құмды дауылға айналады.

Ақтөбе облысында тұман түсіп, көктайғақ орнайды, түнде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді. Жамбыл облысында кей жерлерде тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ті құрайды.

Павлодар облысында көктайғақ болады, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Маңғыстау, түнде Оңтүстік Қазақстан облысында тұман түседі. Түнде Алматы облысында найзағай орнап, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады.

Алдағы тәуліктерде республиканың батыс және орталықтағы жекелеген аудандарында көктемгі су тасқыны жүреді деп күтілуде, су деңгейі көтеріледі.