Қазақстанның басым аумағына антициклон таралып, ауа райы жауын-шашынсыз болады

ТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым аумағына антициклон таралып, ауа райы жауын-шашынсыз болады. Ал республиканың шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде ауа ағындарының жүруіне байланысты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпіндете жел соғады,

деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидромет мәліметтеріне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан, Жамбыл, күндіз Алматы облыстарының кей жерлерінде екпіні секундына 15-22 метрге жететін жел соғады. Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде аптап ыстық болады.

Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында және Ақтөбе, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Таяу тәулікте республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстағы тау өзендерінде су деңгейінің ауытқуы байқалады.