Қазақстанның басым аумағында ауа ағындарының жүруінен жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, екпіндете жел соғады

ТАНА. 20 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым аумағында ауа ағындарының жүруінен кей жерлерде жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, екпіндете жел соғады, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидромет мәліметтеріне сілтеме жасап.

Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, түнде Ақмола, Қызылорда облыстарында жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді деп күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында жел қуаты секундына 17-22, кей жерлерде 28 метрге дейін жетуі мүмкін. Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының да кей жерлерінде жел жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетіп, түнде шаң борайды. Солтүстік Қазақстан облысының кейбір ауданын түнде тұман басады.

Алматы облысында аптап ыстық болады деп күтілуде. Республиканың оңтүстігінде, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды облыстарының басым бөлігінде, Атырау облысының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Таяудағы үш тәулікте республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс тау өзендерінде су деңгейінің ауытқуы байқалады. 21 тамызда нөсер жаңбыр жаууы мүмкін деген болжамға сәйкес Алматы облысының тау өзендерінде қысқа мерзімді су тасқыны орын алуы мүмкін.