Қазақстанның басым аумағында тұрақсыз ауа райы күтілуде, қар жауады, жекелеген жерлерде бұрқасын сақталады - 9 ақпанға арналған ауа райы

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қазгидромет» РМК болжауынша, 9 ақпанда Қазақстанның басым аумағында ауа райы тұрақсыз болады деп күтілуде. Қар жаууы, желдің күшеюі, жекелеген жерлерде бұрқасын күтілуде.

Республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысында суық антициклонның ықпалымен аяз сақталады.

Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жекелеген жерлерінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады деп күтуде.

Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының кей жерлерінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады, шалғай орналасқан аудандарда тұман болуы мүмкін.

Қарағанды, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде тұман болады деп күтілуде. Күндіз Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының жекелеген жерлерінде 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғуы ықтимал.

Алматы облысының Алакөл ауданында 18-23 м/с жылдамдықпен оңтүстік-шығыстан жел соғады, желдің екпіні секундына 28 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Алдағы тәулікте Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы өзендердің денінде мұз қату процестеріне байланысты су деңгейлерінің ауытқуы байқалады. Жекелеген өзендерде су деңгейінің кенеттен көтерілуінен су басу жағдайлары болуы ықтимал. 9-10 ақпанда Шардара су қоймасына секундына 1350 текше метр су келеді деп күтілуде.