Қазақстанның басым бөлігінде бүгін жел күшейеді
02:00, 17 Наурыз 2017
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты оңтүстік шығыста, шығыста және елдің батысының бірқатар аймақтарында жұма, 17 наурыз күні қар жаууы мүмкін. Көп жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметтері бойынша, Алматы облысының Жалаңашкөл аймағында желдің күші секундына 17-22 метрге дейін артады, күндіз тұман түседі.
Ақмола, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман түсіп, Жамбыл, күндіз Шығыс Қазақстан облыстарындағы кей аймақтарда желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Мағыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарындағы көп аймақтарда желдің күші секундына 15-20 метр болады. Түнде Оңтүстік Қазақстан облысының кей жерлеріне тұман түседі.