Қазақстанның басым бөлігінде күн жауын-шашынсыз болады - ауа райы болжамы

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде антициклон ықпалымен ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде. Республиканың шығыс, оңтүстік-шығыс бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты кей жерлерде жауын-шашын болады деп күтілуде, көбінесе қар жауады, тұман түседі, көктайғақ болады, бұрқасындатып, жел күшейеді.

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлады.

Жамбыл облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде, көктайғақ болады, аздаған бұрқасын соғып,

күндіз жекелеген аудандарда жел 15-20 м/с-ке күшейеді.

Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде аздаған бұрқасын соғып, көктайғақ болады, жел 15-20 м/с-ке күшейеді.

Солтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде жел 15-20 м/с-ке жетіп, түнде жекелеген аудандарда көктайғақ болады деп күтілуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар аймақтарында тұман түседі, жел 15-20 м/с-ке дейін күшейеді.

Қызылорда, Қостанай облыстарында кей жерлерде тұман түседі деп болжануда, күндіз жекелеген аудандарда жел 15-20 м/с-ке дейін жетеді.

Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел жылдамдығы 15-20 м/с-ке жетеді. Түнде Қарағанды облысының жекелеген аудандарында тұман түседі деп күтілуде.

Алдағы тәулікте Оңтүстік Қазақстан облысы және Қызылорда облысының оңтүстік аумағында өзен салаларын реттеуге байланысты Сырдария өзенінде су көлемінің ұлғаюы жалғасады. Боран ауылы маңындағы Қара Ертіс өзенінде су деңгейінің тұрақсыздығы байқалады. Батыс Алтайдың жекелеген өзендерінде (Бұқтырма, Оба және т. б.) су деңгейінің көтерілуі ықтимал.